Менің Қазақстаным - Менің Рәміздерім!

4 маусым күні Түңғыш Президент атындағы орталық саябақта Мемлекеттік рәміздер күніне арналған жаппай мерекелік шаралар өткізілді.
Ту, Елтаңба және Әнұран – біздің мемлекетіміздің көп ғасырлық тарихының, ауқымды жетістіктерінің, шарқыраған Тәуелсіздігінің көрінісі.
Қалалық көркемсурет лицейінің және Ақтөбе ішкі саясат басқармасы ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным – Менің Рәміздерім» атты кең ауқымды суретшілер байқауы өтті. Орталық алаңда ұзындығы 50 метрлік және ені 3 метр болатын кенеп матаған 120 жас суретші тақырыпқа сәйкес шығармаларын бейнеледі.
Қылқалам мен бояудың шеберлері жарқыраған алтын күнді, домбыраны, қалықтап ұшқан қыран құсын, кең байтақ даланың мәңгі сұлулығын, ұлттық өрнектерді бейнелеп, өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктерін паш етті. Әр суретші өлшемі 1х1 метр болатын шаршы көлемінде асқан шеберліктерін қазылар алқасының сынына салды.
Қатысушылар қатарында Қалалық көркемсурет лицейінің, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйінің, Оқушылар сарайының, Балалар шығармашылық үйінің, Қазанғап атындағы өнер мектебінің, қаланың жалпы білім беретін мектептерінің тәрбиелнушілері бәстесті.
Байқау соңында Ақтөбе облысы әкімі Ералы Тоғжанов суретшілердің өнеріне тәнті болып, барлық қылқаламды серік етіп жүрген тұлғаларға өзінің жылы ілтипатын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Байқау қорытындысы бойынша Қалалық көркемсурет лицейінің оқушысы – Алиманова Мария бірінші орынға лайық деп танылды. «Ерекше шығармашылық идея» номинациясы бойынша лицейдің бірігіп орындалған композиция авторлары – Львова Кристина, Сиюшева Инкар, Стрижак Алина, Әлиасқарова Сымбат марапатталды. Жеңімпаздарды «Патриотизм дауысы» атты мерекелік концертте облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Ораққызы Елеусінова марапаттады. Барлық қатысушыларға ынталадыру сыйлықтары үлестірілді.
Осылайша, өскелең ұрпақты Отанға сүйіспеншілікке, патриоттық сезімге, республикамыздың басты құндылықтарына деген мақтанышқа баулып, азаматтық сана-сезімді қалыптастырып, мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – қасиетті парыз екенін көрсету – ересек буынның басты тәрбиешілік миссиясы.