Қаңтардағы кездесулер
2015 жылғы 27-31 қаңтар аралығында Ақтөбе қаласы Қалалық көркемсурет лицейінің базасында Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының көркем-эстетикалық бағытындағы бөлімінің бастамасымен жалпы білім беретін мектептердің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімдері, балаларға қосымша білім беру жүйесінің педагогтері үшін әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсету мақсатында «Бейнелеу өнеріне оқытудың дәстүрлі және инновациялық әдістері» тақырыбына республикалық біліктілікті арттыру курсы өткізілді.
Республикалық біліктілікті арттыру курсының мақсаты педагогика, өнер және ғылым саласындағы жаңа жетістіктерді ескере отырып, педагогтердің педагогикалық және кәсіби шеберлігін жетілдіру, республика педагогтерінің арасында шығармашылық тәжірибе бөлісу үшін жағдай жасау, оқыту үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу, балаларға көркемөнер білім беру жүйесін жетілдіру.
Бағдарлама блоктық-модульдік қағидасы бойынша және 2 блокқа бөлінген 36 сағаттық болды- теориялық блогына – 6 сағат, тәжірибелік блогына – 30 сағат беріліп, тыңдаушылармен бейнелеу өнеріне оқытудың дәстүрлі және инновациялық әдістерін тәжірибе жүзінде игеруге көп көңіл бөлінді.
Осы бағдарлама бойынша республикалық біліктілікті арттыру курсын тыңдаушыларға дәрістер мен шеберлік сыныптарды негізінде Қ.Жұбанов атындағы Өңірлік Мемлекеттік Университетінің оқытушылары, Қалалық көркемсурет лицейі мен Қалалық Оқушылар Сарайының педагогтері, Ақтөбе облыстық өнер мұражайының ғылыми қызметкері қазақ және орыс тілдерінде оқитын топтарда өткізді.
27 қаңтар күні Қалалық көркемсурет лицейінің мұғалімдері республикалық біліктілікті арттыру курсына қатысуға республикамыздың Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан, Қарағанды, Қостанай қалаларынан, өзіміздің облысымыздың Шалқар, Қобда, Мартук, Алға, Темір аудандарынан және Ақтөбе қаласынан келген тыңдаушыларды тіркеп, курс бағдарламасы бойынша жоспарланған дәрістер мен шеберлік сыныптарды белгіленген уақыттарында өткізуді қызу бастап кетті.
Сабақтар тақырыптары мен кестесі, оларға қажетті материалдар тізімін тыңдаушыларға алдын-ала республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының көркем-эстетикалық бағытындағы бөлімі арқылы хабарландырылған.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген тыңдаушыларына республикалық біліктілікті арттыру курсының салтанатты ашылуы көркемсурет лицейінің көрме залында өткізілді. Ақтөбе облысы білім басқармасының өкілі, қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Рсалина Ляззат Жұмамұратқызы құттықтау сөзінде біліктілікті арттыру курсының республикамыздың барлық аймақтарын қамтығаны және мектептер мен қосымша білім беру педагогтерінің кәсіби деңгейінің шыңдалуына маңызы зор екені туралы айтты. Осы аталған тақырыпқа курсты Ақтөбе қаласының көркемсурет лицейінің базасында өткізу көркемсурет лицейінде жақсы жабдықталған оқу бөлмелері, бай натюрморттық және көрнекі құралдар қоры мен заманға сай интерактивті тақталар, тағандар (мольберттер), техникалық құралдары, сонымен бірге педагогикалық кадр құрамында қала, облыс және республикалық деңгейлерінде шеберлік сыныптарды әрдайым жоғары деңгейде өткізген, бейнелеу өнеріне оқытуда тәжірибесімен бөлісетін өз ісінің шеберлері болғандықтан жай таңдалмағаны айтылды. Тыңдаушыларға және дәріскерлерге курстың жемісті болуына тілек білдірді. Келген қонақтарға көрме залындағы 500-ге жуық оқушылар жұмыстарының тамаша және тартымды көрмесі өте ұнады. Жұмыстар бейнелеу өнерінің әртүрлі техникаларында жоғары деңгейде орындалған.
Тыңдаушылары үшін курс қазақ және орыс тілдерінде Қалалық көркемсурет лицейінің директоры А.И.Альтинаның және Қ.Жұбанов атындағы ӨМУ «Дизайн» кафедрасының оқытушысы Г.К.Сибагатованың «Өнер көркемдік шығармашылық қызметі ретінде. Бейнелеу өнері арқылы өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын тәрбиелеудің өзекті мәселелері» және «Бейнелеу өнерінің міндеттері мен даму болашағы» тақырыптарына дәрістерімен басталды.
Қаламыздың көркемсурет лицейінің және оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогтері «Түстану және колористика», «Абстракциялық жазықтық композиция», «Матадағы өрнек», «Батик тәсілі», «Пластикалық үлгілеу. Бедер. Бетперде», «Декупаж тәсілі», «Қаріп, қаріптік композицияи. Стилизация» және тағы басқа тақырыптармен шеберлік сыныптарында тыңдаушыларға таныс және бейтаныс тәсілдер туралы деректер беріп, өздерінің тәжірибесімен бөлісті. Шеберлік сыныптарды өткізген педагогтердің қай-қайсысы болсын аталған тәсілдерді жетік меңгергендерін шеберлікпен көрсетті. Тыңдаушыларға бейнелеу өнеріне оқытудың дәстүрлі және инновациялық әдістерін тартымды, түсінікті және қызықты етіп көрсетті. Тыңдаушылар дәріскерлердің бәріне жоғары бағалар қойды.
Республикалық біліктілікті арттыру курсына Темір ауданы Кеңқияқ орта мектебінен келген бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі Есказина Гаухар өзінің риза болғаны туралы былай дейді: «Қалалық көркемсурет лицейінің базасында Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бастамасымен ұйымдастырылған курс 27 қаңтарда таңғы сағат сегізден тыңдаушыларды тіркеуден басталып, лицейдің директоры А.И.Альтинаның біздерді лицейдің тарихымен, оқушылардың жетістіктерімен слайдта көрсетілуімен қысқаша тартымды мағлұмат беріп, жұмыс жоспарымен таныстырды. Содан кейін АӨМУ «Дизайн» кафедрасының оқытушысы Сибагатова Г.К. «Бейнелеу өнерінің міндеттері мен даму болашағы» атты дәрісінде көп нәрсені меңгерттірді, бейнелеу өнерінің қоғамдағы рөлі туралы, болашағы жайлы ой салды. Қалалық көркемсурет лицейінің жоғары біліктілік санатты қосымша білім беру педагогтері А.З.Тургалиев «Конструктивті суреттің негіздері», Л.М.Таженова «Матадағы өрнек», «Батик тәсілі», екінші біліктілік санатты пеадгогтері Б.Р.Көпжасаров «Қаріп, қаріптік композиция. Стилизация», «Графика түрлері. Граттаж тәсілі», А.Ж.Алибжанова «Декупаж тәсілі» тақырыптарына шеберлік сыныптарын өте ұтымды, қызықты өткізіп, тыңдаушыларға мол мағлұмат беруге тырысты. Әр мұғалім өзінің міндеттерін үлкен жауапкершілікпен, жоғары ізденіс дайындықпен өткізіп қана қоймай шеберліктерін де көрсетті. Олардың ішінде Көпжасаров Б.Р. жастығына қарамастан аса шеберлікпен, өте озық және заманауи шеберлік сынып беріп, әр тыңдаушы көңілінде қалды. Таженова Л.М. батик тәсілін, матаны жазбалау, акварельді кескіндеме тәсілін аса шеберлікпен меңгерттірді. Сонымен бірге Бегеманова М.У., Умарова Д.М., Қали Ш.А. секілді ұстаздардан үйренеріміз көп болды. Лицей ұжымы курсты өте жоғары ұйымдастырған түрде өткізуімен курсқа келген әр тыңдаушыға үлкен әсер қалдыра білді. Мұндай киелі өнер ордасында еңбек етіп жүрген әр ұстаз білікті әрі шебер. Ақтөбе Қалалық көркемсурет лицейі ұжымына алғысым шексіз. Осылай балаларға бейнелеу өнерінің қыр-сырын жетік меңгертіп, терең сезініп, сүюге тәрбиелеп қанша шәкірттеріңізге қанат жаюында аянбай еңбек етулеріңде шығармашылық табыс, шабыт, зор денсаулық тілеймін».
БЖШ Үйінің қосымша білім беру педагогі және № 34 ОМ сызу және бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Ташимова Тұрсынай: «Республикалық біліктілікті арттыру курсын Қалалық көркемсурет лицейінің ұжымы өте жақсы ұйымдастырған. Теориялық сабақтар мен шеберлік сыныптар сағаттары бейнелеу өнерінің бағдарламасына жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді сабақ жоспарларына кіріктіруге өте ыңғайлы, тиімді. Шеберлік сынып өткізген әр педагог курстағы әр тыңдаушының іздеген сұрағына жауап беріп, мол мағлұмат беруге тырысты. Өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, кеңес берді. Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығына, лицей ұжымына осындай біліктілікті арттыру курсын ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлігімізді жетілдіруге мүмікндік бергені үшін алғыс айтамын, үлкен жетістіктер тілеймін» дейді.
Республикалық біліктілікті арттыру курсын тыңдаушылар білімдерін жаңартып, өздерінің кәсіби жұмысында білім алушының шығармашылық дамуында көркем және эстетикалық талғамдарын қалыптастыру мен бейнелеу өнері шығармашылығы арқылы өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын тәрбиелеудің өзекті мәселелерін шешуге қолданады деп ойлаймыз.
Тыңдаушылар бес күнде Қалалық көркемсурет лицейі, Қалалық Оқушылар Сарайы, облыстық өнер мұражайында болды.
Барлық суреттерді үлкен өлшемде арада біздің беттерімізде қарайсыңдар Facebook немесе Google+